Луврдағы ұрлық туралы фильм түсіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық режиссер Луврда болған ең танымал ұрлық оқиғасы туралы триллерге ұқсас деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BILD.

Лувр снова открылся для посетителей после дерзкого ограбления
Фото: pixabay.com

The Hollywood Reporter газетінің мәліметінше, бұл деректі фильм ұрлыққа қатысты тергеуді және қылмыскерлерді іздестіру барысын нақты уақыт режимінде көрсетеді деп күтіледі. Сондай-ақ ұрланған әшекейлердің қайда кетуі мүмкін екендігі — қара нарықтан бастап Антверпендегі гауһар саудасына дейін — зерттелетін болады.

Жобаға америкалық режиссер Ар Джей Катлер мен француз деректі фильм жасаушысы Лоран Бузеро жетекшілік етеді. Олар қазірдің өзінде тру-крайм жанры мен триллердің қоспасы болатын фильмді түсіріп жатыр. Фильм полиция тергеушілерінің жұмысын көрсетуді мақсат етеді. Авторлардың айтуынша, фильмге оқиға куәгерлері, музей қызметкерлері мен қала тұрғындары да қатысады.

Еске сала кетсек, Луврға 19 қазан күні таңертең ұрылар түсті. Қылмыскерлер жеті минут ішінде құны 88 миллион еуро болатын әшекейлер мен қымбат бұйымдарды ұрлап кеткен. Бір аптадан кейін бірнеше күдікті қолға түсті. Ұрлықтан кейін музей залдарының шамамен үштен бірінде бейнебақылау камералары жоқ екені, ал бар дабыл жүйесі іске қосылмағаны белгілі болды.

Ұрлықтан бір ай өткен соң екі бельгиялық тағы да Луврдың қауіпсіздік қызметін алдап өтуді сәтті іске асырды.

Париж прокуроры Лор Бекконың айтуынша, Луврға жасалған шабуылды кәсіби ұрылары емес, қаланың қолайсыз аудандарынан шыққан ұсақ қылмыскерлер жасаған.

Бұған дейін Лувр 2026 жылдың соңына дейін 100 бейнекамера орнататыны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар