ІІМ: 1256 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап бүкіл ел бойынша «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр.

Оның мақсаты — қоршаған ортаның ластану мәселесіне назар аудару, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері белсенді азаматтармен бірлесіп рейдтер өткізіп, заңсыз қоқыс тастау орындары мен қалдықтарды төгу фактілерін анықтап жатыр.
Сондай-ақ тұрғындар мен ұйымдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіп сақтаудың маңыздылығын еске салып келеді.
Polisia.kz-тің мәліметінше акция басталғалы бері 2 426 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. 480 мыңнан астам құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды. Жергілікті атқарушы органдарға құқықбұзуды жою туралы 1 500-ден астам ұсыным жолданып, соның негізінде 1 256 қоқыс үйіндісі жойылды.
— Есіңізде болсын: таза табиғат — баршамыз үшін қауіпсіз әрі жайлы өмірдің кепілі. Экологияны қорғайық, құқықбұзу туралы 102 нөміріне немесе iKomek — 109 қызметі арқылы хабарлаңыз. Қазақстанды бірге таза және көрікті етейік, — деді ведомствода.
Айта кетелік Экология министрлігі қоқыс полигондарын утиль алым есебінен салмақ.