ІІМ: 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруды жалғастырып жатыр. Қазақстан бойынша биыл 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталған, деп хабарлайды Polisia.kz.

полицейская машина полиция көлігі
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

— Заңсыз айналымға 26 тоннадан астам түрлі есірткі түрлері, соның ішінде 1 тоннадан астам синтетикалық заттардың түсуіне жол берілмеді. Бұл — 11 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Осылайша миллиондаған азаматтардың денсаулығы мен мыңдаған отбасылардың тағдыры қорғалды, - дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан. 

Ол сондай-ақ мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топтың жойылғанын, оның 5-еуі трансұлттық сипаттағы топқа жататынын айтты. 

— Осы топтардың басшылары мен белсенді қатысушылары ұсталып, 950 келіден астам есірткі тәркіленді. 12 синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың және 93 каннабис өсірілетін фитозертхананың қызметі тоқтатылды. Есірткі өндіруге пайдаланылған 23 тоннадан астам химиялық заттар мен 17 тонна прекурсор тәркіленді. 

Бұдан бөлек, есірткі жарнамасына қатысты 170 қылмыстық іс қозғалып, күмәнді операцияларға қатысы бар 45 мыңнан астам банк шоты бұғатталды. Тұтастай алғанда, бұл шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Есірткі жолына түскен әрбір адам бір нәрсені анық түсінуі тиіс: еш уақытта жазадан құтылу мүмкін емес. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда, - деді Данияр Мейірхан. 

Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-да биыл 10 фитоесірткі зертханасы жойылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар