ІІМ: Ақнәр Гүлстан ісіндегі бейнежазбалар сараптамаға жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов түсініксіз жағдайда қайтыс болған Ақнәр Гүлстан ісі туралы пікір білдірді. 

 ІІМ: Ақнәр Гүлстан ісіндегі бейнежазбалар сараптамаға жіберілді
Фото: kursiv.media

— Жедел тергеу тобы құрылды. Жәбірленуші тараптың бүкіл уәжі толық көлемде тексеріліп жатыр. Жеке өзім осы істі ерекше бақылауда ұстап отырмын. Тергеу амалдарын бастан-аяқ өзім бақылап келемін, — деді Санжар Әділов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Сондай-ақ, ол тараптар жариялаған бейнежазбалардың бәрі сараптамаға алынғанын атап өтті.

— Бейнежазбаларға келсек, қылмыстық істі тергеу аясында алынған бейнежазбалардың бәріне бейнефонографиялық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс кезінде алған бейнежазбаның бәрін тыңғылықты сараптаймыз. Бұл іс бойынша бірнеше куәгер бар. Қазір тиісті тергеулер жүргізіліп жатыр. Қыздардан қорғануға хақылы куәгер ретінде жауап алынды. Қазір солардың қатысуымен тергеу жүріп жатыр, — деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, Ақнәр Гүлстан есімді тұрғын көпқабатты үйден құлап қайтыс болғаннан кейін марқұмның анасы әлеуметтік желі арқылы сол түні қызбен бірге болған құрбыларын күдікті ретінде іске тартуды талап еткен. 

Сонымен қатар Алматы полициясы Ақнар өліміне байланысты тергеу жүргізіп жатқаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар