ІІМ Басқару академиясында ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау қолға алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ Басқару академиясында ашылған ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлауға арналған мамандандырылған зертхана мен полигонның жұмысымен танысты.

ІІМ Басқару академиясында ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау қолға алынды
Фото: Polisia.kz

Жаңа зертхананың ерекшелігі – FPV-дрондармен жұмыс істеудің толық циклін қамтуында. Мұнда 3D-принтерлер арқылы бөлшектерді жобалау және дайындаудан бастап, дрондарды құрастыру, техникалық баптау және сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезеңдер жүзеге асырылады. Бұл тыңдаушыларға пилоттау дағдыларын меңгерумен қатар, FPV-дрондардың құрылымы, жұмыс істеу қағидалары және пайдалану ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Құрылған полигон ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бойынша практикалық дайындыққа арналған. Онда операторлар маневр жасау, басқару дағдыларын жетілдіру және шынайы жедел жағдайларға ұқсас ортада оқу тапсырмаларын орындау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, ІІМ Басқару академиясында ұшқышсыз ұшу аппараты операторларын даярлаудың мамандандырылған курстары енгізілді. Бұл курстар Ashyq Aspan Foundation қорымен бірлесіп әзірленген оқытудың екінші кезеңін қамтиды. Екінші кезең тереңдетілген практикалық дайындыққа, FPV-дрондармен жұмыс істеуге және күрделі жағдайларда шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Іс-шара барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру және ішкі істер органдары қызметінде ұшқышсыз технологияларды қолдану аясын кеңейту мәселелері қаралды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту бағытында тұрақты ілгерілеу бар екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар