ІІМ: дауыс беру барысындағы қоғамдық тәртіп толық бақылауда
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін ел бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.
Барлық жеке құрам күшейтілген қызмет режиміне көшірілді.
Бұл туралы ОКҚ алаңында өтіп жатқан «Референдум — 2026» онлайн-марафоны барысында ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады.
Оның айтуынша, басшылық және командалық құрам — тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп референдум учаскелері алдын ала тексерілді. Олардың техникалық қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғанысы қаралды. Барлық учаске тәулік бойы бақылауға алынды.
— Полиция қызметкерлері дауыс беру залдарында болмайды. Олар тек комиссия төрағасының шақыруымен және қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ғана кіре алады. Қазіргі уақытта елдегі жағдай — тұрақты, толық бақылауда.
Қоғамдық тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ. Ішкі істер министрлігі — азаматтарды заңды сақтауға және қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады, — деді Шыңғыс Әлекешев.
Айта кетелік «Референдум–2026» республикалық онлайн марафоны өтіп жатыр.