ІІМ елде алкоголь сатылымын шектеу бастамасын толық қолдайды - Игорь Лепеха
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елдегі алкоголь өнімдері айналымына қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынысына қатысты пікір айтты.
— Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысты толық қолдайды. Бүгінде қылмыстардың басым бөлігін ішімдікке масайған адамдар жасайтыны анық. Тұрмыста кісі өлтіру деректерінің көбісі ішімдік салдарынан болады, - деді Игорь Лепеха Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі жауапты ведомстволарға түнгі уақытта алкоголь сатуға тыйым салу, оның саудасын арнайы дүкендерге ауыстыру, сондай-ақ көңіл көтеру орындарында алкоголь сату уақытын шектеу туралы бірнеше рет ұсыныс енгізген.
— Әзірге, мұның бәрі тек бастама күйінде қалып отыр. Бұл тұрғыда кез келген ұсынысты қолдаймыз. Бұл норманың қабылдануы Парламенттің құзыретінде, - деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, жақында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында елдегі алкоголь өнімдері айналымына қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды.