ІІМ изоляторда адвокаттарды шалбарын шешкізіп тексеру туралы түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары — Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков Қостанай облысында адвокаттарды тергеу изоляторына өткізер кезде шалбарын шешкізіп тексереді деген мәлімдемеге түсініктеме берді.

— Бұл жерде мекеме қызметкерлерінің әрекетінде заңға қайшылық жоқ. Тергеу изоляторына келген тұлғалардың бәрі ортақ тәртіппен тексеруден өтеді. «Толық тексеру» дейтін ұғым бар. Қажет болған жағдайда осы әдіс қолданылады. Нақты бұл адвокат тексеруден өткен жағдайда металл детекторы белгі берген. Сондықтан оған толық тексеруден өту ұсынылды, — деді комитет басшысы.
Бұл жерде әңгіме адвокат Талғат Есімов туралы болып отыр. Ол Қостанай облысында адвокаттарды тергеу изоляторына кірер кезде шалбарын шешіп өтуге мәжбүрлейтінін мәлім еткен болатын.
Сондай-ақ, Абай Қайырбеков Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің жазасын қандай камерада өтеп жатқанын айтты.