ІІМ: Қауіпті пранктер – өнер емес, заң бұзушылық
АСТАНА. KAZINFORM - Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде пранк пен экстремалды әрекеттерді бейнелейтін видеолар түсіретін азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.

— Құрметті азаматтар! Соңғы уақытта интернетте пранк пен қауіпті трюктерді көрсететін видеолар жиілеп кетті. Бұл «хайп» пен «қаралым қуған» әрекеттер әзіл шеңберінен асып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде, — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Министрлік агрессия, арандату, зорлық-зомбылық элементтері бар контентке жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
2025 жылдың басынан бері осындай пранктерге байланысты 24 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Мәселен:
-
Астанада блогерлер лифт ішінде «мәйіт» тасып, балтамен шабуыл жасаған көрініс ұйымдастырған. Бұл әрекет жолаушылардың үрейін ұшырып, нәтижесінде қатысушылар 15–30 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
-
Алматы облысында экстремалды видео түсірмек болған жас жігіт жолда келе жатқан көліктің үстінен секіріп, ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
ІІМ бұл әрекеттердің қоғамдық моральға сай келмейтінін, адамдарға психологиялық зақым келтіретінін және орындаушылардың өз өміріне де қауіп төндіретінін атап өтті.
— Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы тиіс. Қатыгез пранктер — бұл өнер емес, заң бұзушылық. Бейне түсірмес бұрын оның салдарын ой елегінен өткізіңіз. Өмірде де, интернетте де өзгелердің құқығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қараңыз, — деді ІІМ өкілі.
Министрлік азаматтарды заңды сақтауға және қоғамға қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырады.
Бұған дейін Астанада пранк жасаған блогерлер қамауға алынғанын жазғанбыз.