ІІМ: Маңғыстау облысында апиын жеткізу арнасы жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстауда апиын тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

МВД, ІІМ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, ұзақ уақыт жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысында апиын тобына жататын есірткі заттарын жеткізумен айналысқан, жергілікті төрт тұрғыннан құралған қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды.

Фигуранттардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 1,3 келі апиын және ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Сарапшылардың бағалауынша, ауған текті апиын осы өңір үшін сирек кездесетін есірткі түрі.

— Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық заңнаманың 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Барлық ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Есірткі жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.

Бұдан бұрын Алматы полициясы 2025 жылы жарты тоннадан астам есірткі тәркілегенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум