ІІМ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ЖСН рәсімдеу тәртібіне өзгеріс енгізбек

Ішкі істер министрлігі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ЖСН рәсімдеу тәртібіне өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғам талқылауына шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар ЖСН қалыптастыру үшін қызмет берушіге келген жері бойынша Мемлекеттік корпорация (Халыққа қызмет көрсету орталықтары – ред.) арқылы тиісті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш беру жолымен жеке өзі жүгінеді», - делінген бұйрық жобасында.

Ал Қазақстан сотының үкімі бойынша бас бостандығынан айырылған шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және реттелмеген мәртебесі бар адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған кезде мемлекеттік қызметті алу үшін бекітілген үлгі бойынша өтініш береді.

Ал бұған дейін ЖСН алып үлгерген шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар құжатын түзету үшін жеке тұлғаның өзі (немесе оның заңды өкілі) келген жері бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы үлгі бойынша өтініш түсіру керек.

Мемлекеттік корпорация қызметкері қызмет алушы жүгінген кезде:

1) қызметті алушының жеке басын сәйкестендіреді;

2) құжаттарды және онда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын, өткізген құжаттардың тізімге сәйкестігін тексереді;

3) ХҚКО-ның бірыңғай ақпарат жүйесінде өтінімді ресімдейді.

«ЖСН қалыптастыру бойынша мемлекеттік қызметті ұсынған жағдайда, «Бүркіт» бірыңғай ақпарат жүйесімен интеграциялау арқылы ХҚКО бірыңғай ақпарат жүйесіне шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның төлқұжат нөмірі автоматты түрде енгізіледі. Шетелдік туралы анықталған деректер толтырылып, оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту туралы факті тексеріледі», - деп жазылған құжатта.

ЖСН алуға өтініш беруші шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға тиісті құжаттар топтамасын толық ұсынбаса немесе қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда Мемлекетітк корпорация өтінішті қабылдаудан бас тартып, қолхат береді.

Соңғы жаңалықтар