ІІМ: соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс саны азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстардың саны тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді.

— Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны азайды. Ал биыл балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың тіркелуі 21%-ға төмендеді. Бұл заңнаманы күшейтудің нақты нәтижесі, — деді Алексей Милюк.
Ведомство өкілінің айтуынша, Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеген. Аталған құжатта жасөспірімдер қылмысының алдын алу жеке блок ретінде қарастырылып отыр.
— Жаңа заң жобасы аясында кәмелетке толмағандарға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдардың құзыреті қайта қаралады. Сондай-ақ профилактикалық бақылауға алынатын адамдардың санаттары жаңартылып жатыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында, — деді спикер.
Бұдан бөлек, жыл сайын ІІМ органдарының профилактикалық шараларымен 5 мыңнан астам жасөспірім және 6 мыңнан астам ата-ана қамтылады. Олар бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамайтындар санатына жатады.
Министрлік өкілдері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алу үшін тиісті органдардың өзара іс-қимылы мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін, Астанада кәмелетке толмаған баладан ақша бопсалағандар 10 жылға сотталғанын жазғанбыз.