ІІМ сұранысқа ие 5 қызмет түрін атады
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы полиция тұрғындарға 12 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек айтты.

— Ішкі істер органдары халыққа мемлекеттік қызметтің 55 түрін көрсетеді. Кішігірім түрлерін қоса ескерсек, олардың саны 122-ге жетеді. 2024 жылы полиция тұрғындарға 12 млн мемлекеттік қызмет көрсетті, — деді ол ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, ең көп сұранысқа ие 5 қызмет түрі мыналар:
• жеке басты куәландыратын құжаттарды беру;
• тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару;
• автокөлікті рәсімдеу;
• елде уақытша тұруға рұқсат;
• және жүргізуші куәлігін беру кіреді.
— Қазіргі уақытта ІІМ-нің барлық дерлік қызметі автоматтандырылған. Бұл оларды аз уақыт ішінде алуға мүмкіндік берді. Мысалы, егер бұрын төлқұжаттар мен жеке куәліктер екі ай ішінде берілсе, қазір бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал құжаттарды дайындау орталықтары бар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өтініш беруші жеделдік үшін арнайы түбіртекті төлеп, құжаттарды бір жұмыс күні ішінде ала алады, — деді Шұғыла Тұрлыбек.
Министрлік өкілі Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктерге елде тұруға ықтиярхат беру және азаматтығы жоқ адамдарға куәлік беру мерзімі екі аптаға (30 тәуліктен 17 тәулікке дейін), Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қарау және келісу тоғыз күнге (14 тәуліктен 3 тәулікке дейін) қысқартылғанын айтады.
— Сондай-ақ, автокөлікті қайта тіркеу уақыты үш жұмыс күнінен 90 минутқа дейін және жүргізуші куәлігін ауыстыру бір жұмыс күнінен 40 минутқа дейін азайтылды, — деді ол.
Бұған дейін төлқұжатты тегін алатын азаматтардың 9 санатын жазған едік.