ІІМ WhatsApp қолданушыларын алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі азаматтарға WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды қорғауға қатысты қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде ескерту жасады. 

WhatsApp
Фото: pexels.com

Ведомство соңғы уақытта мессенджер арқылы жасалатын алаяқтық деректерінің көбейгенін атап өткен.

ІІМ мамандарының айтуынша, жеке деректердің қолды болуына жол бермеу үшін келесі қауіпсіздік талаптарын орындау қажет:

  1. Екі факторлы аутентификацияны қосып алыңыз. Баптауларда аккаунтқа кіру кезінде сұралатын қосымша PIN-код орнату ұсынылады. Бұл бөгде адамдардың аккаунтқа рұқсатсыз кіруін қиындатады.
  2. Күдікті хабарламалар мен сілтемелерге сақ болыңыз. Белгісіз адамдардан келген сілтемелерге өтпеу, растау кодтарын немесе құпия ақпаратты ешкімге бермеу қажет.
  3. SIM-картаға PIN-код орнатыңыз. SIM-картаны қорғау нөмірдің заңсыз көшірілуінің (SIM swap) алдын алады.
  4. Жеке ақпаратқа қолжетімділікті шектеңіз. Баптаулар арқылы профиль суреті, статус және соңғы рет онлайн болған уақытты кім көре алатынын реттеу ұсынылады.
  5. Белсенді сеанстарды бақылап отырыңыз. Аккаунтқа қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп, бейтаныс сеанстарды дереу өшіру қажет.

ІІМ азаматтарды ерекше қырағылық танытуға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жиі таныс адамның атынан хабарласып, ақша сұрау әдісін қолданады. Мұндай жағдайда ақпаратты тікелей телефон арқылы нақтылап алған жөн.

Министрлік бұл талаптарды орындау азаматтардың қаржысын және жеке деректерін қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, Алматыда интернет-алаяқтыққа пайдаланылған арнайы жабдық тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар