ІІМ: Жыл басынан бері 26 тоннадан астам есірткі тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айда 12 зертхана жойылып, 26 тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленген.

— Жыл басынан бері 26 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35%-ға көп. Оның ішінде 3 тоннасы кептірілген марихуана, 412 келісі гашиш, 1,14 тоннасы синтетикалық есірткі, қалғаны — каннабис өсімдігі, — деді ҚР ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Мәліметке сай, каннабис тобына жататын есірткілер жабық жылыжайда, яғни фитолабораторияларда жиі өсірілетін болған. Бұндай 93 жылыжай анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп.
— 9 ай ішінде 6 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 2,7 мыңы — қылмыстық іс. Атап айтқанда 1,7 мыңы — сату фактісі, 301-і — аса ірі мөлшерде сақтау, 379-ы — құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру, 117-сі — контрабанда. Осы жылдың басынан бастап есірткі өндірушілерге қатысты заң күшіне енді. Оларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген. Полиция 2024 жылы 29 есірткі зертханасын жойып, 419 кг синтетикалық есірткіні тәркіледі. Биыл 9 айда 12 зертхана жойылып, 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі алынды. Бұл көрсеткіш 3 есеге өскен, — деді ол ОКҚ алаңында.
Спикердің айтуынша, ұзақ мерзімді жедел жұмыстар нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның 3-еуі — трансұлттық қылмыстық топ.
— Жалпы 76 адам ұсталды, оның 16-сы — топ жетекшісі, 60-ы — белсенді қатысушы. 24 тоннаға жуық химиялық зат тәркіленді, оның 17 тоннасы — прекурсорлар, сонымен қатар реактивтер мен құрылғылар. Интернеттегі насихат пен қаржы ағындары 170 есірткі насихаты мен жарнама фактісі анықталды, — деді комитет басшысының орынбасары.
Қуандық Әлжанов, сондай ақ, 26 мыңға жуық интернет-ресурстың қызметі тоқтатылғанын атап өтті. Оның ішінде 6 мыңнан аса наркосайт, 35 мыңнан астам банктік карта-шоттар мен 2,5 млрд теңге бұғатталған.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында екі полицей тәркіленген есірткіні сатып жатқан жерінен ұсталғанын жазған едік.
Кәмилә Мүлік