Мәдени мұраларды қорғау үшін 7 министрлік жұмыс жүргізуі керек — Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени мұраларды сақтау және қорғау үшін бірнеше министрліктің жүйелі жұмысын біріктіретін Кешенді жоспар әзірлеу керегін айтты.

Үкімет отырысында министр Премьер-министрге мәдени мұраларды сақтау мәселелерін шешу орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жүйелі жұмысын қажет ететінін, барлық мүдделі тараптың қызметін біріктіретін Кешенді жоспар әзірлеу керегін айтты.
— Осы ретте, құзырлы мемлекеттік органдарға мына мәселелерге қатысты тапсырма беруіңізді сұраймыз: облыс әкімдіктеріне ескерткіштерді қорғаудың құқықтық режимін қамтамасыз ету, дүниежүзілік мұра нысандарының буферлік және қорғау аймақтарын айқындау; ЮНЕСКО форматы бойынша мәдени мұра элементтерін құжаттау мен түгендеу жұмыстарына назар аудару; ЮНЕСКО мен ИКОМОС сарапшыларының қатысуымен мәдени мұра мәселелері бойынша семинарлар, дәрістер мен ағартушылық іс-шаралар өткізу, — деді А. Балаева Үкімет отырысында.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени мұра саласындағы мамандарды даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын енгізумен, мәдени-тарихи мұраны зерттеу және сақтау саласымен айналысатын жас ғалымдарға грант беріп, кешенді ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен А. Балаева мәдени-тарихи нысандарға қатысты цифрлық платформалар мен ұлттық деректер базаларын әзірлеуге қолдау көрсетуін сұрады.
— Оқу-ағарту министрлігінен оқушылар арасында мұраның құндылығын ұғынуды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруын, Қаржы министрлігінен — мұраны сақтау және танымал етуге бағытталған шараларға республикалық бюджеттен қаражат қарастыруын, Сыртқы істер министрлігінен — халықаралық бастамалар мен трансұлттық номинацияларға дипломатиялық және құқықтық қолдау көрсетуін, ИККРОМ сияқты халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жандандыруына назар аударуын сұраймыз, — деді А. Балаева.
Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі мәдени және табиғи мұра нысандарын қамтитын, әсіресе аралас мұра аймақтарына басымдық беріп, туристік маршруттарды әзірлеп, дүниежүзілік және ұлттық маңызы бар нысандарды қорғау аймақтарында туристік және санитарлық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесуі керек.
Өз тарапынан, Мәдениет және ақпарат министрлігі материалдық, материалдық емес және құжаттық мұраны сақтау жөніндегі кешенді жоспардың барлық шарасын іске асыруды, олардың әдістемелік сүйемелденуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ медиажобаларға, басылымдарға және цифрлық платформаларға қатысуды қоса алғанда, жүйелі ақпараттық қолдауды ұйымдастырады.
Бұған дейін Мәдениет министрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында келісілмеген құрылыс тоқтамай тұрғанын айтқан еді.
Сондай-ақ, 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр.