Мәдениет министрлігі Ермек Тұрсыновтың елден кетуіне қатысты: Бұл — оның жеке шешімі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандық кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың елден шетелге көшуіне қатысты пікір білдірді. 

Ермек Тұрсынов
Фото: facebook

— Ермек Тұрсыновтың шетелге кетуіне қатысты біз түсініктеме бере алмаймыз, өйткені бұл оның жеке шешімі, Конституция оған құқық береді. Иә, мемлекет әрдайым Ермек Тұрсыновты қолдап келді, көптеген фильм түсірілді, жобалар «Қазақфильм» аясында да, ұлттық кино орталығы аясында да жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да қолдауға дайын болатын, бірақ бұл оның таңдауы, — деп жауап берді Ғани Мұратов БАҚ өкілдерінің сауалына.

Осы орайда министрлік өкілі Конституция әр азаматқа сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беретінін тағы еске салды.

— Ол концерттер өткізді, кітаптар жазды. Мысалы, оған кітап басуға немесе концерт өткізуге тыйым салынғанын мен естіген жоқпын. Өткен жылы ол көптеген шығармашылық кеш өткізді. Барлығы тыныш өтті, ешкім тыйым салған жоқ, — деп толықтырды басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл Ермек Тұрсынов Ұлттық кино орталығына үш жобаның сценариін ұсынды.

— Демек, ол қатысып жатыр. Біз ешқандай тыйым көріп тұрған жоқпыз, — дейді Ғани Мұратов.

Еске салайық, өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ермек Тұрсынов 500 млн теңге алып, кино түсірмеген деген мәлімдеме жасаған еді

Айта кетейік, 18 мамырда Антикор Ермек Тұрсыновтың елден кетуіне байланысты пікір білдірді

Соңғы жаңалықтар