Мәдениет министрлігі жанынан Әдеби клуб құрылады – Кітап дүкендері қазақтілді туындылармен толығуы керек

Мәдениет министрлігі жанынан Әдеби клуб құрылады – Кітап дүкендері қазақтілді туындылармен толығуы керек
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітап дүкендері қазақтілді туындылармен толығуы керегін, ол үшін ақын-жазушыларға қолдау көрсетілетінін мәлім етті.

«Отандық әдебиетті қолдау бойынша мен министр блогы мен әлеуметтік желілерде үнемі айтып жүрмін. Соның бірі – кітап басу ісі. Сөз жоқ, кітап дүкендері қазақтілді туындылармен толығуға тиіс. Енді кітаптарды басып шығару, әдебиетті қолдау қалың көпшілікпен талқыланып, жаңа ережеге сәйкес жүзеге асады», - деді министр Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.

Бұл ретте Мәдениет министрі ұлт интеллегенциясына жүктелер міндеттің салмағы ауыр екенін атап өтті. Зиялы қауым білім-ғылымға құштарлық, еңбек адамын қадірлеу, адал азаматтарды ардақ тұту сияқты адамдық ізгі қасиеттерді қалың оқырман санасына сіңіреді деген үміт білдірді.

«Осыған орай, министрлік жанынан Әдеби клуб құруды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – әдебиеттің өзекті мәселелерін ортаға салып, жаңа тенденцияларды талқылау және жаңа туындылар мен авторларды насихаттау, қоғамды кітап оқуға үндеу», - деді спикер.

Министрліктің хабарлауынша, 2023 жыл жалпы таралымы 346 мың дана болатын 134 кітап жарық көрді. Соның ішінде «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен бұрын жарияланбаған 14 туынды 42 мың данамен оқырманға жол тартты. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған 16 әдебиет 48 мың данамен басылып, таратылған.

«Қандай өнер болса да, оның түп негізі – әдебиет. Әдебиет дамымай, өнердің басқа саласының толыққанды дамуы мүмкін емес. Әрине, мемлекет отандық ақын-жазушыларымызды қолдау мәселесін бір сәтке де ұмытқан емес. Өткен жылдары бұл бағытта жасалған жұмыс аз емес. Соңғы 3 жылда мемлекеттің тікелей қолдауымен жаңа туындыларды, әсіресе, жас таланттарды қолдау, ұлттық әдебиетіміздің жауһарына айналған шығармаларды қайта басып шығару, оларды әлем тілдеріне аудару ісі, қаламгерлеріміздің творчестволық кештері мен мерейтойлары секілді игі шаралар атқарылды», - деді Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар