Мәди Такиев Қаржы министрлігін басқара береді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәди Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалды.
Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
— Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалсын, — делінген құжатта.
Мәди Такиев 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетін, Халықаралық бизнес университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Ғылым министрлігі — Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында бас есепшісі болып бастаған.
2000–2008 жылдары — Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің инспекторы, жетекшісі, бас салық инспекторы, ШКС жұмысы және аудит жөніндегі бөлімдердің басшысы.
2008–2009 жылдары — Алматы облысы бойынша Салық департаментінің Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы.
2009–2012 жылдары — Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары.
2012–2013 жылдары — ҚР ҚМ Салық комитетінің басқарма басшысы.
2013–2014 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры.
2014 жылы — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас консультанты.
2014–2017 жылдары — Мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау облысы бойынша басшысы.
2017–2019 жылдары — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салықтық бақылау департаментінің директоры.
2019–2020 жылдары — ҚР ұлттық экономика вице-министрі.
2020–2023 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі.
2023–2024 жылдары — VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
2024 жылғы 6 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы қаржы министрі қызметін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі, Ержан Сәденов Ішкі істер министрі, Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы, Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі, Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалғанын хабарлағанбыз.