Мәдина Әбілқасымова алаяқтардың тұзағына түспеудің тәсілін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керек екенін түсіндірді.

«Қазір алаяқтар негізінен әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы халықты алдап жатыр. Себебі күмәнді телефон нөмірлерін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұғаттап жатыр, яғни бұл бағытта елеулі жұмыс атқарылды. Ал WhatsApp мессенджерін бұғаттау ұзаққа созылады. Сондықтан қазір тиісті call center құрылып жатыр. Оның аясында ұялы байланыс операторлары күмәнді нөмірлерді бақылауда ұстап, оларға байланған есепшоттар анықталса, бұл ақпарат арқылы операцияларды бұғаттаймыз. Ең бастысы, алаяқтардың айласына түсіп қалмау керек. Әсіресе, адамдарды үрейлендіріп, телефон шалатын белгісіз адамдардан сақ болған жөн. Бұл ретте өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын және қаражатты басқа есепшотқа аударуды ұсынатын адамдарға сенбеу керек», - деді М. Әбілқасомова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бірінші кезекте банктің өзіне телефон шалып, нақты маманнан кеңес алу қажет.
«Яғни банктің ресми байланыс нөміріне хабарласу керек. Оларға күмәнді адамдар банк операциясы жөнінде хабарласқанын түсіндірген жөн. Қазір алаяқтар әртүрлі тәсілдерге көшіп жатыр. Бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігі, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, Ұлттық банк алаяқтардан сақ болуға қатысты біраз ақпаратты жариялап жатыр. Жалпы, жеке деректердің құпиялығына ерекше назар аударған жөн», - деді агенттік басшысы.
Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мессенджерлерде (WhatsApp, Telegram және т.б.) ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар құрған және жалған ақпарат тарататын алаяқтарға сенбеу керегін ескертті.