07:46, 15 Тамыз 2023 | GMT +5
Махачкаланың жағармай құю станциясындағы жарылыстан 12 адам қаза болды, 70-ке жуығы ауруханада
МАХАЧКАЛА. ҚазАқпарат – Тамыздың 14-інен 15-іне қараған түні Дағыстан астанасы Махачкала қаласында жанар-жағар май құю станциясында жарылыс болып, үлкен өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, жалын 600 шаршы метр аумақты шарпыды.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов тілшілерге мәлім еткендей, жарылыс жағар май құю станциясына қарсы бетте болған. Себебі мен салдары анықталып жатыр.
Отын құйылған сегіз цистернаның екеуі жарылған.
Ресми дерек бойынша, оқиға салдарынан 12 адам қаза болды, оның ішінде 2 бала бар. Тағы 66 адам зардап шекті, оның 13-і – балалар, 10 адамның жағдайы ауыр.
Махачкаланың медицина мекемелері күшейтілген режимге ауыстырылды. РФ Денсаулық министрлігі Махачкала ауруханаларында төсек орын жеткілікті екенін айтты.
Дағыстанның көптеген тұрғыны зардап шеккендер үшін қан тапсыруға республикалық қан құю станциясына барды.
Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді.