Махмұд Сабырхан: Төрехан екеуіміз тарихи жетістікке жеткіміз келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін жеңіс тұғырынан көрінген Махмұд Сабырхан (55 келі) мен Санжар Ташкенбай (50 келі) жүлделері жөнінде пікірін білдірді.

Ел құрамасынан финалда Махмұд Сабырхан испаниялық Рафаэль Лосано Серраномен алтын жүлдені сарапқа салды. Жекпе-жек барысында үш раунд бойы басымдық танытқан отандасымыз жеңіс тұғырына көтерілді.
— Дүбірлі додаға аттанар алдында екі дүркін әлем чемпионы болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Әлемдік бәсекеге қатысуға менімен бірге інім Төрехан да келді. Біз бір үйден шыққан екі әлем чемпионы деген атаққа ие болғымыз келеді. Әлі толыққанды қуана алмай тұрмын. Інім жеңіс тұғырынан көрініп жатса, үлкен табыс болар еді. Қазақ еліне, жанкүйерлерге, отбасыма, бапкерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз, - деді Махмұд Сабырхан.
Махмұд Сабырхан 2001 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін 2023 жылы әлем чемпионы болса, 2021 жылы күміс жүлдегер атанды. 2024 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2022 жылы құрлықтық додада екінші орын алды.
Ал Санжар Тәшкенбай (50 келі) финалдық бәсекеде Моңғолия спортшысы Алдархишиг Баттулганы тізе бүктіріп, қос дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
— Әлем чемпионатында басшылық, бапкерлер, ата-анам, жанкүйерлер тарапынан ерекше қолдау болып жатыр. Әсіресе, шаршы алаңға шыққан сәттен жанкүйерлік еткен отандастарымыздың қолдауын ерекше сезінеміз. Финалда жоғары деңгейде өнер көрсеттім деп ойлаймын. Қарсыласты бапкерім екеуіміз сырттай бақылап жүрдік. Тәжірибелі қарсыластарыма дайындықты оқу-жаттығу жиынынан бастадық. Сол жасалған тактика жүзеге асты, - деді ол.
Санжар Ташкенбай 2003 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін 2023 жылы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілсе, 2022 жылы Азмя чемпионы атанды.
Енді кешкі сессияда Төрехан Сабырхан (70 келі) және Айбек Оралбай (90 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі) Наталья Богданова (70 келі) алтынға таласады.