Макрон АҚШ-тың Еуропаға қатысты кез келген баж салығына әрекет етуге дайын
АСТАНА.KAZINFORM - Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-тың еуропалық тауарларға баж салығы Америкада инфляцияның өсуіне әкелетінін ескертті, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Макрон Канада, Мексика және Қытайға баж салығын енгізген Дональд Трамптың қоқан-лоққыларынан кейін ЕО АҚШ үшін «басты басымдық» болмауы керек екенін мәлімдеді.
— Сіздің бірінші проблемаңыз Еуропалық одақ па? Жоқ, мен олай ойламаймын. Сіздің бірінші мәселеңіз – Қытай, сондықтан сіз бірінші мәселеге назар аударуыңыз керек, - деді Эммануэль Макрон.
Француз көшбасшысы экономикалық байланыстар деңгейін ескерсек, баж салықтары Еуропа елдері, сондай-ақ АҚШ экономикасына айтарлықтай зиян тигізетінін ескертті.
— Егер сіз көптеген салаға баж салығын енгізсеңіз, бұл АҚШ шығындарын арттырып, инфляция тудырады. Сіздің қалауыңыз осы ма? Мен бұған сенімді емеспін, - деді Франция президенті.
Макрон ЕО АҚШ-тың әрекеттеріне жауап беруге дайын болуын, бірақ 27 елден тұратын блок алдымен «тәуелсіз әрекет етуі керектігін» және «егер баж салығына қатысты мәселе туындаса, талқылап, бірге шешетіндігін» айтты.
Дональд Трамп 1 ақпанда Брюссельді Вашингтонға әділетсіздік жасады деп айыптап, еуропалық тауарларға импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Қытайдың Сауда министрлігі 10 ақпаннан бастап АҚШ-тың бірқатар тауарына қарсы баж салығын енгізетіні хабарланған болатын.
АҚШ сондай-ақ болат пен алюминий импортына баж салығын енгізбекші.
Макрон мен Шольц Еуропа үшін жаңа бағыт құруды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік.