Мал сойып жүргеніме 30 жылға жуықтады — Ақтөбедегі жалғыз қасапшы әйел
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Күнсұлу Шаманова мен оның жанындағы 10-нан астам қасапшы соғым уақытында күніне 100-130 бас ірі қара сояды. Ол Ақтөбедегі жалғыз қасапшы әйел. Kazinform тілшісі ер адамдармен тең жұмыс істеп жүрген өз ісінің білгірімен сөйлесіп келді.
Күнсұлу Шаманова 2007 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы мал базарында қасапшы болып жұмыс істейді.
Содан бері арада 20 жылға жуық уақыт өтті. Бұл қасапшылық кәсіптің басы емес. Ол бұған дейін де ет комбинатында еңбек еткен.
— Мектеп бітіріп, техникалық училищеге оқуға түстім. Кейін кондитерлік фабрикада жұмыс істедім. Бұл менің еңбек жолымның басы болатын. Бірде құрбыммен ет комбинатына бардым. Онда бізге алдымен мал союды үйретті. Үш күн тәжірибеден өткен соң басшылыққа «жұмыс істей алмаймын» деп арыз жазып, кетпек болдым. Бірақ арыз қабылданбай, басшымыз «қолыңнан келеді» деп жігерлендіріп жіберді. Сөйтіп сынақ мерзімі бітпесе де бірден жұмысқа қабылдандым. Өзімнің әкем де бір кездері қасапшы болған. Ол өз әңгімелерінде жұмыс істеген жылдарды еске алып отыратын. Маған «адам ешуақытта жұмыстан қорықпауы керек, керісінше жұмыс сіздерден қорықсын» деп айтатын. Сол сөздер менің жадымда жатталып қалыпты, — деді қасапшы Күнсұлу Шаманова.

Жолдасымен бірге ұл мен қыз өсірген бақытты ана Күнсұлу Шаманова бүгінде 64 жасқа келді. Зейнетке шығып кетсе де өзінің кәсібін тастаған емес.
Күн сайын таңертең сағат 9:00–де өзге қасапшылармен қатарға тұрып, мал сояды.
Мұнда төрт түлік арнайы тізбек бойынша сойылып, жіліктеледі. Алдымен ірі қараны бауыздайды, кейін сирағын сындырып, терісін сыпырады.
— Бізде 10-нан астам қасапшы жұмыс істейді. Ең үлкені мен және жалғыз әйелмін. Бәрі де апа деп сыйлап, құрмет көрсетеді. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Өзім саты арқылы жоғары көтеріліп, ірі қараның терісін сыпырамын. Әрі қарай ішек-қарнын түсіреді, бөлшектейді. Дәл осы жерде зертхана да бар. Мұнда мамандар тексеріп, тоңазытқышқа, әрі қарай ет базарына жіберуге мөр басады. Қараша-желтоқсан айлары — соғым уақыты. Ол кезде 100-130 бас ірі қара соямыз. Сол кезде таңнан кешке дейін мал сойсақ, сәл саябырсығанда жұмысымыз түске дейін де аяқталып жатады, — деді қасапшы.
Күнсұлу Шаманованы бәрі де Катя апа деп атап кеткен. Себебі ұжымдағы ең үлкені. Әрі кейінгі келгендерге үнемі бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырады.
— Ұжым өте ұйымшыл әрі қамқор. Бәрі де сыйлайды. Ең бірінші келгенде жұмыс қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ пышақ қайрауды, екі қолмен бірдей жұмыс істеуді меңгерсе, үйреніп кетеді. Пышақ өткір болса, көп күш түспейді. Соған қарамастан қолдың қайратты болғаны жақсы. Әр қасапшыда үш пышақ болады. Оны алдымен арнайы аппаратта қайрап береді. Ал жұмыс барысында әркім беліне байлаған қайрағын пайдаланды. Өзімнің бір қайрақты қолданып жүргеніме 30 жылға жуықтапты, — деді ол.
Қасапшының айтуынша, ер адамдардың мал сойып, оны жіліктеп үйренгені дұрыс. Көбі жалқаулық танытып, бұл жұмыстан қашады. Өзі үйренген ісін қиын көрмейді. Жаз бен күзде бақша баптап, тосап қайнатады, қияр тұздайды. Әрі табиғат аясында тыныққанды ұнатады.

— Отбасыммен, бала-шағаммен уақыт өткізген ұнайды. Тамақ істегенді жақсы көремін. Қызыма, келініме үйретемін. Әйел заты болған соң өз-өзіме күтім де жасаймын. Ал қасапшылық кәсіпке қазір әйелдер келмейді. Негізі әйел адамға бұл қиындау жұмыс. Ал өзім үйрендім, сосын да жеңіл сияқты. Ер адамдардың арасында ер адам сияқты жүресің, кейде әйел екеніңді ұмытып кетесің. Қиындықтың бәрін жеңу үшін шыдамдылық керек, — деді Күнсұлу Шаманова.
Жұмысқа келген кезде бар білгенін үйреткен Катя апаға алғыс айтатындар көп. Бір ғана мал базарында емес, оған дейін аудандардағы ет комбинаттарында да еңбек етіп, тізбекте тұруды үйретті.
— Мен жұмысқа 13 жыл бұрын келдім. Алғашқы кезде Катя апа мен өзге де аға буын қасапшылықтың қыр-сырын үйретті. Қазір мал бауыздаудан бастап, оны шауып, жіліктеуді де меңгеріп алдым. Жол сілтеген, көмегін бергені үшін ризамыз. Апай пышақ ұстаудан бастап үйретті, — дейді қасапшы Темірхан Исатаев.

Айта кетейік, Kazinform бұған дейін NEET санатындағы жастар туралы жазды. Былтыр Ақтөбе облысы бойынша 4 801 адам тізімге енсе, бір жылда шамамен мың адамға азайған. Көбі Ақтөбе қаласында.