«Мал ұрлығы»: Астанада 3 тонна ет өнімі тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Аста қаласында полиция заңсыз ет өнімдерінің айналымын тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Мал ұрлығы": Астанада заңсыз айналымдағы 3 тонна ет өнімі тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Елордада шығу тегі мен сапасы белгісіз ет өнімдерін заңсыз өткізу фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жалғасты. «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері сауда орындарына жеткізілетін еттің заңды шығу тегін анықтау және оның ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында рейдтік және тексеру шараларын жүргізді.

Негізгі мақсат — тұрғындардың денсаулығын қорғау және қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

Өткізілген іс-шаралар барысында антисанитариялық жағдайда мал сойылып, ветеринариялық бақылаусыз және тиісті ілеспе құжатсыз ет өнімдері сатылымға шығарылған бірнеше жасырын цех анықталды.

Заңсыз айналымнан барлығы шамамен 3 тонна ет өнімі тәркіленіп, «Астана-Ветсервис» ШЖҚ МКК мамандарымен бірлесіп белгіленген тәртіппен жойылды.

Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы шаруашылық құрылыстарында заңсыз жасырын цех анықталды. Онда ешқандай рұқсат құжатынсыз және міндетті ветеринариялық бақылаудан өтпеген ет өнімдерін өңдеу, сақтау және сату жұмыстары жүргізілген.

Тексеру барысында ет өңдеуге арналған жабдықтар, сондай-ақ ветеринариялық құжаты жоқ ірілі-ұсақты 60 малдың тұтас еті, басы мен тұяғы табылды.

Аталған фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. 

Полиция азаматтарға ет өнімдерін сатып алу кезінде оның заңды шығу тегін растайтын ілеспе құжаттарға, ветеринариялық анықтамалар мен таңбалауға міндетті түрде назар аударуды ескертеді. Рұқсат құжаттарынсыз өнімді өткізу заң бойынша жауапкершілікке әкеледі.

Бұған дейін елордада санитариялық талаптарды бұзған заңсыз ет цехының қызметі тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум