Мамади Думбуя Гвинея президенті ретінде ант қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Мамади Думбуя елдің жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес жеті жылдық мерзімге Гвинея президенті ретінде ресми түрде ант қабылдады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.
М.Думбуяны ұлықтау рәсімі оның президенттік қызметке сайлануынан кейін өтті. Сайлауда ол дауыстардың 86,72 пайызын жинады.
Ант қабылдағаннан кейін М.Думбуя Гвинея халқына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, өзінің мандаты ең алдымен әйелдер мен жастардың мүддесіне арналатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол Гвинеяның Конституциясын, заңдары мен ережелерін, сондай-ақ сот шешімдерін құрметтеуге берік екенін растады.
Айта кетейік, бұған дейін Гвинеяда президент сайлауы өтетінін хабарлағанбыз.
Сайлауға 9 кандидат қатысты. Оның ішінде басты үміткер – сол кездегі уақытша мемлекет басшысы Мамади Думбуя болды. Ол сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде түсті.