Маңғыстау облысында 700-ден астам сарбаз әскери ант берді
АСТАНА. KAZINFORM — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Бейнеудегі барлау полкінің жас жауынгерлері Отанға адал қызмет етуге ант қабылдады, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шараға әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Ақтау гарнизонында әскер қатарына жаңадан қосылған жауынгерлерді құттықтаған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Бүгін – тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айрықша күн. Әскери ант – әр азаматтың ар-намысы мен өмірлік ұстанымы. Сіздердің әскердегі қызметтеріңіз мінез қалыптастырып, болашақ жетістіктеріңізге берік негіз қалайды деп сенемін, – деді ол.

Ант қабылдау рәсімінен соң жас сарбаздар саптық даярлық, қарумен әрекет ету, қала жағдайындағы іс-қимылдар және шартты әуе қарсыласының шабуылын тойтару сияқты көрсетілімдер жасады.
– Қызметтің алғашқы күндерінен бастап командирлердің қамқорлығын, әскери ұжымның қолдауын сезіндік. Ант беру мен үшін ерекше мақтаныш сәті болды. Елім үшін адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуге дайынмын, – деді Батыс Қазақстан облысынан теңіз жаяу әскерлері бригадасына шақырылған қатардағы жауынгер Әділ Алхамов.

Ақтау, Бейнеу гарнизондарындағы рәсім аяқталған соң қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Ата-аналар казармалар мен асханаларды, оқу сыныптарын аралап, жаттығу кешендері мен алдағы уақытта сарбаздар пайдаланатын қару-жарақ пен техниканы көрді. Дәстүр бойынша салтанатты іс-шарадан кейін жауынгерлер алғаш рет туыстарымен бірге қалаға шығуға мүмкіндік алды.

Алдағы айларда сарбаздар жас мамандар бағдарламасы бойынша оқытылып, артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш, барлаушы және басқа да әскери-есептік мамандықтарды меңгеретін болады.
Бұдан бұрын «Отан қорғаушылар» алаңында астаналық 68665 әскери бөлімі жас сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өткенін жазған едік.