Маңғыстау облысында 80-нен астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «LiveGood» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады.

Маңғыстау облысында 80-нен астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болды
Фото: ҚМА

«LiveGood» компаниясы дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату түріндегі желілік маркетинг ретінде көрініп, шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы кепілдендірілген табыс уәде етіп отырған. Өнімді сатып алу міндетті болмаған. Қатысушылардың табысы тікелей түрде жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталатын жаңа адамдарды тарту санына байланысты болған.

— Салдарынан 80-нен астам азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналды. Салымшылардың қаражатын заңдастыру мақсатында күдікті оларды криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялармен шығарып, кейін туыстарының шоттарына аударған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол Ақтау қаласынан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны — 43 млн теңге. Соттың санкциясымен 132 млн теңге көлеміндегі оның есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды, — делінген ҚМА хабарламасында. 

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алынды. Іс сотқа жолданды. ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. 

Айта кетелік Harmony Rider Technology қаржы пирамидасы ақтөбеліктерден 197 млн теңге жымқырған еді

Соңғы жаңалықтар