Маңғыстауда Құрық портының маңында зәйтүн өсіріліп жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Каспий хабының даму барысымен танысты.

зәйтүн
Фото: Pexels

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, вице-премьер Маңғыстауда отандық тауар өндірушілердің бастамаларына жоғары баға беріп, теңіз терминалын салу жобасы Үкімет бақылауында екенін атады.

С.Жұманғарин «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, «Азерсун логистика және өндіріс орталығы» ЖШС кәсіпорнында болып, жеміс-жидек, көкөністерді сақтауға арналған қойма кешеніне арнайы барды.

Өңірдегі маңызды инфрақұрылымдық жоба — Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің трансшекаралық хабтарын дамытудағы маңызды буын — Каспий көлік торабының бір бөлігі ретінде іске асырылып жатыр.

«Саржа» КТТ Қазақстан порттары арқылы жүк айналымын жылына 11 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер теңіз торлы балық өсіру шаруашылығын және зәйтүн плантацияларын дамыту жобасы көрсетті.

Екі жоба да Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылып жатыр. Тауарлы балық өсіру бастамалары лосось тұқымды балық өсіруге арналған фермаларды құруға бағытталған.

Жобаны әзірлеушілердің болжамына сәйкес, 2026 жылы 200 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Нысанды іске қосу алды теңіз алабына жан-жақты зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. 

Бұдан бөлек, Құрық портының жанында зәйтүн ағаштарын өсіру жобасы жүзеге асып жатыр. Өткен жылы 2000 көшет отырғызылған.

Осы ретте Қазақстан нарығын жоғары сапалы отандық өніммен, яғни зәйтүн, зәйтүн майымен қамтамасыз ету, сондай-ақ жақын мемлекеттерге эскпорттау жоспарланған. 

Бүгінде алғашқы жүк айлақтары мен базалық инженерлік және көлік инфрақұрылымы салынды, бас жүк терминалынан жүктерді ауыстырып тиеу қызметтері көрсетілді.

2024 жылдың басынан бастап Саржа терминалы 6 кемені қабылдаған. 

Сондай-ақ, қызмет басталғаннан бері Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 51 000 тоннадан астам жүк ауыстырылған.

«Біз 5 трансшекаралық хабты — Қытай шекарасындағы Қорғас торабын, Қырғызстанмен бірлескен „Алатау“индустриялық-логистикалық кешенін, Өзбекстан шекарасындағы „Орталық Азия“ трансшекаралық халықаралық кооперация орталығын, Оралдағы „Еуразия“ логистикалық орталығын және Құрық теңіз порты кіретін Каспий хабын белсенді дамытып жатырмыз. Құрық теңіз порты Қазақстанның эскпорттық әлеуетін дамытуда айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы елімізді өңірдегі ең ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыруды міндеттеді. Бұл ретте маңызды рөлдердің бірі Транскаспий көлік бағытына беріледі. Өткен жылдың желтоқсан айында бірінші жүк, яғни мыс, алюминий өзге елге экспортталды», — деді Серік Жұманғарин.

Сапар аясындағы кездесуде жергілікті кәсіпкерлер өзекті мәселе — жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортталатын азық-түлікпен бәсекеге түсуі екенін жеткізген болатын.  

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин фермерлік жылыжай иелеріне субсидия алу мүмкіндігін айтты.

Соңғы жаңалықтар