Маңғыстауда Құрық-Жетібай тас жолы биыл пайдалануға беріледі

АҚТАУ. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар 60 шақырымдық жолдың құрылысы бұдан 4 жыл бұрын басталған еді. Былтыр тек 24 шақырымы қолданысқа берілген. Қалған бөлігін биыл аяқтау жоспарда.

жол құрылысы
Фото: ҚазАвтоЖол

Аймақта республикалық маңызы бар 1013 шақырым жол бар. Соның 95 пайызы асфальтталған. Бүгінгі таңда тек Кендірлі-Түрікменстанмен шекараға дейінгі 50 шақырым жолға асфальт төселмеген.

— Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстанмен шекара жолы — қазір осы жобаны жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 179 шақырымнан 229 шақырымға дейін 50 шақырым жол. Оны жобалау жұмыстары басталып кетті. Жобалауды биыл аяқтап, қаражат бөлінсе, келесі жылы құрылысы басталады. Ал Жаңаөзен-Кендірлі арасындағы жолға орташа жөндеу жүргізіледі, — дейді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов.

Одан бөлек, облыста былтыр Шетпе-Жетібай тас жолының 60 шақырымын жөндеу жұмыстары басталып, асфальттың төменгі қабаты төселген. Қалған жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Осы жылы жергілікті маңызы бар Таушық-Шетпе тас жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін аталған жол «Қазавтожол» компаниясының балансына ауыстырылмақ.

Маңғыстауда биыл жүзеге асырылуы тиіс маңызды жобалардың бірі — жүк көліктердің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйе орнатылады.

— Ауыр жүк көліктері жолдарға көп зақым келтіреді. Соның салдарынан жолдар сырылып, жарылып, шұңқырға айналады. Сол үшін салмақты автоматты түрде өлшеп, айыппұл салынатын жүйе енгізіледі. Оны биылға жоспарлап отырмыз. Шетпеде қиыршық тас өндіріледі ғой, соны Ақтауға немесе ары қарай Атырауға тасымалдайды. Сондықтан автоматты жүйенің біреуін Жетібайдың, екіншісін Сайөтестің жанына орнатамыз, — дейді «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов. 

Бұған дейін, Маңғыстауда 25 жылдан бері асфальт төселмеген көше туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар