Маңғыстауда өсірілген ақсерке балығы импорттың 60%-ын алмастыра алады
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында биыл 286 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Өңірдің ерекше әлеуетті даму бағыты жөнінде әкім Нұрдәулет Қилыбай айтып берді.
Әкімнің сөзінше, аквашаруашылықты дамыту бағытында 2025-2027 жылдары 4 ірі жоба жүзеге асырылады.
– Оның ішінде, Орталық Азияда алғаш рет «Organic Fish» компаниясының құны 11,9 млрд теңгені құрайтын Каспий теңізінде 5 000 тоннаға дейін албырт тұқымдас балығын тор қоршамада өсіру жобасы бар. Қазір елімізге балықтың біраз бөлігі Еуропа елдерінен келеді, тіпті жылына 8 мың тонна балық импортталады. Сондықтан келесі жылы 1 300 тонна ақсерке балығын өсіру арқылы импорттың 16%-ын қысқартамыз, - деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, 2029 жылға қарай балық өндірісін 5 мың тоннаға дейін көбейту жоспарда тұр. Нәтижесінде, республика бойынша импорттың шамамен 60%-ын қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Н. Қилыбай түйе сүтін ұнтаққа айналдырып, экспорттайтын жаңа жобалар туралы айтқан еді.