Маңғыстауда парк аумағында заңсыз балық аулаған тұрғын қолға түсті

Браконьер
Фото: "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстаудағы "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында бекіре тұқымдас балық аулаған өңір тұрғыны ұсталды.

«Бекіре» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде теңіз жағалауындағы бірлескен рейдтік-бақылау жұмыстары Жаңаөзен тұрғыны тыйым салынған балықты аулағаны үшін полицияға тапсырылды.

«5-7 сәуір күндері аралығында „Қызылсай“ мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің „Адамтас“ мемлекеттік табиғи қаумалының кезекшілікте жүрген мемлекеттік инспекторлары, „Кендірлі“ шекара қызметкерлері және табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен бірге „Бекіре“ жедел профилактикалық іс-шарасы аясында, теңіз жағалауына бірлескен рейдтік-бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Жаңаөзен қаласының тұрғыны заңсыз аулаған 2 дана Бекіре тұқымдас барлығымен ұсталды. Жоғарыда аталған азамат затарымен бірге, тиісті хаттама толтырылып, Қарақия аудандық полиция бөліміне табысталды», — деді парк директоры Мыңберген Қаратауов.

Бұған дейін табиғи парк инспекторлары парк аумағында арқарлардың төлдеуіне байланысты қаумал аумағындағы тыныштық қамтамасыз ететіндіктерін мәлімдеген еді. 

Осыған дейін Маңғыстаудағы «Қызылсай» табиғи паркінде арқар мен қарақұйрық саны көбейгені туралы айтылды

Соңғы жаңалықтар