Маңғыстауда сотталған командир кассациялық шағым түсірді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда мерзімді әскери қызметшіні өлтіру ісі бойынша сотталған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 25744 әскери бөлімінің зениттік-артиллериялық взводының бұрынғы командирі Дамир Досов кассациялық шағым берген. Бұл туралы адвокат Азамат Сагал хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, 25744 әскери бөлімінің зениттік-артиллериялық взводының бұрынғы командирі Дамир Досов шығарылған үкіммен келіспейді.
- Қазіргі уақытта кассациялық шағым қылмыстық істер жөніндегі соттың өндірісінде. Процесс жөнінде әзірше белгісіз, сот отырысы тағайындалған жоқ, - дейді ол.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты мұны растады. Кассациялық шағым экс-командирдің адвокатының атынан жазылған.
Еске салайық, былтыр қыркүйек айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің жиыны кезінде «Оймаша» полигонында қарумен жұмыс істеу ережелерінің бұзылуы салдарынан мерзімді әскери қызметші, 19 жастағы сарбаз Марат Барқұлов жарақат алып, қаза тапқан болатын.
Дамир Досов - ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша Марат Барқұловты қасақана өлтіргені үшін 13 жылға бас бостандығынан айрылды.
Бұған дейін, Президент әскерде қаза тапқан сарбаздарға қатысты істі тергеу кезінде заңның сақталуын қадағалауды тапсырды