Маңғыстау жолдарын салған ақсақал 39 немере-шөберенің ортасында ғұмыр кешіп отыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Еңбекпен есейіп, маңдай терімен ел игілігіне үлес қосқан жандардың өмір жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге. Маңғыстау ауданының тұрғыны Олжабай Жұмағалиұлы ғұмырының басым бөлігін жол құрылысы саласына арнап, өңірдегі автомобиль жолдарының дамуына үлес қосты. Бүгінде ол жұбайы Сәнай Жұбаниязовамен бірге алты бала тәрбиелеп өсірген, 26 немере мен 13 шөбере сүйген ардақты қария.

Маңғыстау жолдарын салған ақсақал 39 немере-шөберенің ортасында ғұмыр кешіп отыр
Фото Олжабай Жұмағалиұлының жеке архивінен

Еңбек жолын жүргізушіліктен бастаған

Олжабай Жұмағалиұлы 1946 жылғы 10 қаңтарда Маңғыстау ауданына қарасты «Қарасай» ұжымшарында дүниеге келген. Шайыр және Шахта ауылдарындағы мектептерде білім алып, ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін тәмамдаған. Кейін Алматы политехникалық институтының құрылыс факультетінде оқып, құрылыс инженері мамандығын меңгерген.

Еңбек жолын 1964 жылы аудандық автокөлік жолдары мекемесінде жүргізуші болып бастаған. Араға бір жыл салып, әскер қатарына шақырылып, үш жыл азаматтық борышын өтеген. 1968 жылы елге оралған соң жол құрылысы саласындағы жұмысын жалғастырып, кәсіби білігін арттыруға ден қойған.

Техниканы жақсы меңгерген, іске тиянақты жас маманның қабілетін байқаған жергілікті басшылар оны жол құрылысы бойынша білімін жетілдіруге жіберген. Осылайша, ол жұмыс пен оқуды қатар алып жүріп, тәжірибе жинақтады.

Өңір жолдарының құрылысына үлес қосты

1964 жылдан 2001 жылға дейін Олжабай Жұмағалиұлы облыс пен аудан аумағындағы автомобиль жолдарын салу жұмыстарына белсене араласты. 1979 жылы жаңадан құрылған жөндеу-құрылыс басқармасының Шетпе бөлімшесіне басшы болып тағайындалды.

Ол аудан орталығы Шетпені ауылдармен байланыстыратын асфальт және қиыршық тас төселген жолдардың салынуына атсалысты. Облыс орталығына және Маната асуы арқылы көршілес аудандарға қатынайтын күре жолдардың құрылысында да еңбегі бар. Сонымен қатар Ұштаған, Шайыр, Жармыш ауылдарындағы қатқыл табанды жолдардың салынуына ықпал етті.

2002 жылдан бастап «Маңғыстау жол құрылысы материалдары комбинатының» Шетпедегі № 1 цехында басшылық қызмет атқарды. Осы саладағы көпжылдық еңбегі мен кәсіби тәжірибесінің арқасында әріптестері оны абыройлы маман ретінде таныды. 

Олжабай Жұмағалиұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстанның құрметті жолшысы» атағына ие болып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Берекелі шаңырақтың бәйтерегі

Еңбек пен отбасылық құндылықтарды қатар ұстанған Олжабай Жұмағалиұлы жұбайы Сәнай Жұбаниязовамен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Жұбайы да аудандық орталық кітапханада 38 жыл бойы табан аудармай еңбек етті. Ол «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған.

Бүгінде қос қария екі ұл мен төрт қызынан тараған ұрпақтың ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. 26 немере мен 13 шөбере үшін олар — ақылшы, отбасының берекесі мен бірлігін сақтап отырған қадірлі жандар.

Бұған дейін Алматыда 300-ден астам жүз жасаған қария тұратынын жазғанбыз.