Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апат: Комиссия құрамына ҰҚК өкілдері кіреді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апаттың себебін тексеретін комиссия құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де кіреді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, тиісті мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына энергетикалық қадағалау органдарының бәрі кіреді. Ол комиссияны менің орынбасарым басқарады. Сөз жоқ, ол жұмысқа Бас прокуратураның, басқа да мүдделі органдардың, жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй-коммналдық шаруашылық бөлімдерінің, нарыққа қатысушылардың өкілдерін тартамыз. Апаттың қорытындысы бойынша нақты мәліметті береміз. Комиссия фактілерді жариялайды деп ойлаймын», - деді министр.

БАҚ өкілдері «Комиссияның құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кіре ме?» деп сұрады.

«Иә, иә. Бірақ мен апат себебін нақты айтпас едім. Комиссия жұмысын аяқтағаннан кейін ақпаратын береміз. Бұл мәселе бүкіл мүдделі органдардың бақылауында тұрғаны түсінікті», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске салайық, кеше кешке Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалған болатын.

Артынша жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты.

Сағат 21.30-да Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар
telegram