Марафонда екі адамның қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды ма — ІІМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды ма? Бұл сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жауап берді.

— Тиісті тексеру болды. Екі адамның өлімі бойынша криминалдық мән-жай анықталмады. Бізде қылмыстық іс тек қылмыс құрамы болғанда ғана қозғалады. Аталған оқиғада қылмыстық іс қозғалмады. Тексеріс нәтижесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Бұл тұрғыда сот-медициналық сараптама орталығының тиісті актілері бар, — деді С. Әділов Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, жақында Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам қайтыс болды.
Марафон ұйымдастырушылары мәлім еткендей, жүгіру кезінде екі қатысушы көз жұмды. Оның бірі — 84 жастағы Аққоян Рсалиев болса, екіншісі 21 жастағы Нұрбол Ахмади.
Туризм және спорт министрілігі марафондағы қайғылы жағдайдан соң мұндай шараларға талапты күшейтпек.