Марат Әйтеновтың бұрынғы әйеліне сот шешімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық соты Дана Атешоваға қатысты әкімшілік материалды қарады.

Коллаж: Kazinform/ instagram.com/dana_ateshova/ Freepik
Коллаж: Kazinform/ instagram.com/dana_ateshova/ Freepik

«Іс материалдарына сәйкес, келіншек отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына былапыт сөздер айтқан. Сотта ол кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді», — деп хабарлады ҚР Жоғарғы соты.

ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы аясында бұл қылығы үшін ескерту жасалады не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Ал құқық бұзушының жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады.

Жас балаларының болуы және мұндай әрекетті алғаш рет жасағаны жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын ештеңе жоқ. 

Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салсақ, елорда тұрғыны Дана Атешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірге үйіне келіп, балаларды бір-бірлеп үйден мәжбүрлеп шығарғанын, өзін соққыға жыққанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.

Кейінірек Марат Әйтенов ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды.

Айта кетейік, Марат Әйтенов — Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың туған бауыры. Мұрат Әйтенов 2020-2023 жылдары Шымкентті басқарған.

Былтыр қыркүйекте Президент Жарлығымен қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар