Марат Бекетаевты ұстауға аудиторлық палата деректері ықпал етуі ықтимал – Әлихан Смайылов
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов бұрынғы министр Марат Бекетаевтың ұсталуына палата қорытындысы ықпал еткенін айтты.

«2023 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізіміне сәйкес, Жоғары аудиторлық палата Әділет министрлігінде және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық бюджет қаражатын пайдалануға қатысты аудиторлық іс-шаралар өткізді. Біздің қорытындыларымызды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алды және осыған байланысты адамдардың жекелеген тобы ұсталды. Бекетаевтың ұсталуына не себеп болғанын білмеймін, бірақ біз аудит жүргізіп, тексеру нәтижелерін агенттіктің алғаны – факт», - деді Ә. Смайылов Сенат кулуарында.
Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі былтыр қазанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді.
Антикордың мәліметінше, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдаған. Экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет биыл 21 мамырда 2024 жылғы 21 маусымға дейін қамау санкцияланды.
Биыл 12 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевқа қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.
Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-Әділет министрі Марат Бекетаев және басқа айып тағылған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысып жатқаны туралы хабарладық.