Марат Қарабаевтың қызметі Көлік министрлігінің қайта құрылуын ақтады ма
АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылдың күзінен бері Көлік министрі болған Марат Қарабаев қызметінен кетті. Бұл сала осы министрдің кезінде қандай өзгерістерді бастан өткергенін шолып көрейік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында көлік министрлігін қайта құратын кез жеткенін мәлімдеп, ертеңінде тізгіні 1987 жылы туған Марат Қарабаевтың қолына берілген еді.
Қытайдың Еуропамен құрлық арқылы алыс-беріс жасауға күш салуы, Украинадағы соғыстан туындаған санкциялар, сол санкциялардың салдарынан жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы Қазақстанды көлік және логистика саласын дамытып, әлеуетті сарқа пайдалануға итермелеп отыр. Көлік министрлігінің қайта құрылуына себепкер болған негізгі фактордың бірі осы болатын.
Сенім мен сөгіс
Жуықта ғана Марат Қарабаевтың Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президенттен сөгіс алғаны бар. Оның жұмысындағы кемшіліктерді осы сөгіс туралы ресми ақпардың айналасынан іздеп көруге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев салада қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын мәлім еткен болатын. Сондай-ақ, шекарадан жүк өткізудің қиындығы еңсерілмей жатқанын, өткізу бекеттерінің көбі нашар жағдайда тұрғанын, ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың кестеден кешігіп жатқанын сынады.
Мемлекет басшысы «Жасыл дәліз» жүйесінің логистикалық әлеуеті де оңтайлы пайдаға жаратылмай жатқанын меңзеді. Жер шарында сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан саладағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың орнына қолда бар артықшылықтарды сақтап қала алмайтындай ахуалға жеткеніне алаңдайтынын білдірді. Әуе жолы арқылы жүк тасымалын арттыруға авиаотын нарығындағы тиімсіз саясат кедергі келтіріп отырғаны да айтылды.

Президенттің министрге Қазақстанды әлемдік жеткізу тізбегіне қосуды тапсырғанынан қазақ жері арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі қажетті деңгейде артпай жатқанын бағамдауға болады.
Марат Қарабаев министрліктің басына келгеніне биыл қыркүйекте 2 жыл болар еді. 1 жыл 8 ай дегенде қызметінен кетіп отыр. Сондықтан жұмысының негізгі көрсеткіші ретінде 2024 жылдың толыққанды статистикасына қарап баға беруге болады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы көлік және қоймалау секторындағы еңбек өнімділігі 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,3 пайыз өскен. Ал көлік-логистикалық әлеуетті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бұл меже 2024 жылы 14,4 пайыз өсім көрсетуі керек болған.
Осы материалды жазу барысында саланың ресми статистикасы аталған тұжырымдаманың мақсаттық индикаторларына негізделмегенін аңғардық. Құжатта «Көлік және қоймалау» капиталына тартылған инвестицияның 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда өсуі» дейтін көрсеткіш бар. 2024 жылы осы көрсеткіш 68,7% болу керек екені айтылған. Алайда Ұлттық статистика бюросының ешбір құжатында бұл көрсеткішті дәл бағалап беретін жөні түзу статистика жоқ болып шықты.
- Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдардың нормативтік техникалық жағдайы;
- Теміржолмен жүк тасымалындағы жеке тасымалдаушылардың үлесі; Қазақстан арқылы өтерін транзит көлемінің өсуі;
- 3G-ден төмен емес мобильді байланыспен қамтамасыз етілген республикалық маңызы бар автомобиль жолының үлесі;
- Кеме қатынасы шлюздерінде гидродинамикалық оқиғалардың туындау қаупін төмендету көрсеткіші;
- Техникалық флоттың тозуын азайту;
- Пайдалану мерзімі 25 жылдан асатын жолаушы вагондарының үлесі.
Осындай маңызды көрсеткіштердің нақты ресми статистикасы жүргізілмейтіні көлік пен логистикадағы жүйелік проблемалардың қаншалықты тереңдеп кеткенін, ал оны еңсеру бағытындағы жұмыстар «бетімен қалқу» тәсілі арқылы басқарылатынын көруге болады.
Марат Қарабаевтың министр болып тағайындалғаннан бері елге жеткізген ең бір жағымды жаңалығы - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы автомобиль тоннелінің қолданысқа берілуі болды. Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы тескен жолдың ұзындығы – 840 метр. Министрдің жұмысына бүйрегі бұрып тұратын кейбір жазарман сол тұста 10 жылға созылған «сақалды құрылысты» жас министр келіп тындырды дегенге саятын мадақтар айтып жатты.
Транскаспий дәлізі
Президенттің Маңғыстау облысына жасаған сапары кезінде Марат Қарабаев былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк 4,5 миллион тоннаға жеткенін баяндаған еді. Ал Қазақстан биыл бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізуді жоспарлаған. 2023 жылы көрсеткіш 2,8 млн тонна болғанын ескерсек, 2025 жылғы меже де орындауға келмейтін мақсат емес.
Бұл жерде тағы бір «әтеген-ай» бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы елімізде 1 млрд 78,8 млн тонна жүк жер және су көлігімен тасымалданған. Бұдан ел аумағында тасымалданатын бүкіл жүктің 0,4 пайызы ғана Орта дәлізге тиесілі екенін көруге болады. Басқаша айтсақ, бұл бағытпен тасымалданған жүк көлемінің бүкіл жүк тасымалындағы үлесі 1 пайызға да жетпегенін көруге болады. Еуропа қайта құру және даму банкінің зерттеулеріне сенсек, осы дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға қарай бағытталған жүк көлемін 2040 жылға дейін 26 млн тоннаға дейін жеткізуге болады. Бірақ ол үшін Орталық Азия мемлекеттері жобаға кемінде 18,5 млрд еуро инвестиция тарту керек. ЕҚДБ сарапшыларының айтып отырғаны – дәліз бойындағы инфрақұрылымның мардымсыздығы. Оны шешу үшін порт инфрақұрылымын кеңейтіп, саланы цифрландыру қажет. Сондай-ақ шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын оңтайландырып, жаңадан қуатты бекеттер салу керек. Порт инфрақұрылымы дегеннен шығады, өткен айдың аяғында Ақтау теңіз-сауда портының басшысы ұсталды.

Авиаотын тапшылығы
Былтырғы қарашада Көліктегі бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Азаматтық авиация комитеті мен Көлік министрлігінің авиаотын үлестіру тәртібін тексеруді ұсынды. Көліктегі прокурорлар бұл салада «экономиканы ырықтандыру» қағидатына қайшы шешімдерді анықтаса керек.
Кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Азаматтық авиация комитетінің авиаотынды бөлу кестесін қалыптастыру тәртібі қолданыстағы заңнамамен регламенттелмегенін мәлім етті.
- Авиаотынды бөлу кестесінің мақсаты – авиакеросинді өндірушілерден тұтынушыларға делдалсыз тікелей (отандық авиакомпанияларға) жеткізу. Өйткені көтерме және бөлшек бағалардың айырмашылығы жоғары және импортқа тәуелділік деңгейі 20% мөлшерінде, яғни кестеге тек авиакомпаниялар ғана енгізілу керек. Алайда ол кестеде тікелей тұтынушы болып есептелмейтін тұлғалар – әуежайлар, көтерме немесе бөлшек жеткізушілер бар. Кестені қалыптастыру тәртібінің болмауы уәкілетті орган тарапынан бәсекелестікке қарсы іс-қимылдар жасау тәуекелдерін туындатады, - деп бағалайды агенттік мамандары.
Үш әуежай
Президент былтырғы Жолдауында 2025 жылдың аяғына дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінде әуежай салуды тапсырған болатын. Ал оған қажетті шағын ұшақтарды Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен атып алуға болатынын айтты.
Абыл Кекілбаев сияқты сала сарапшылары бұл үш жобаның 2025 жылы аяқталатынына күмәнмен қарап отыр. Тіпті межелі мерзімде нысандарды қолданысқа беріп үлгергеннің өзінде инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға қаншалықты сай болатыны белгісіз.
Ақтау түбінде Әзербайжан ұшағының құлауы Марат Қарабаев басқарған министрлікке жұрт назарын аударды. Қазір бұл оқиғаның себебін халықаралық комиссия тексеріп жатыр. Дегенмен о баста оқиғаның себебі туралы Қазақстан тарапынан Ресейдегі Ростов әуе компаниясының ұшу жетекшісі берген мәліметке сүйенген нұсқаның асығыс тарауы Азаматтық авиация комитетінің беделіне біраз нұқсан келтіріп кетті.
Битум импорты
Мамыр айының басында Қазақстан неге әлі күнге дейін битум импортынан құтыла алмай отырғаны Үкімет деңгейінде сөз болды. «Қазмұнайгаз» басшысы Асхат Хасенов бұл проблеманың шешімі Көлік министрлігінің тапсырысты қаншалықты тиімді үйлестіре алғанына байланысты екенін айтқан болатын.
- Көлік министрлігінің биылға берген сұранысы бойынша 1,2 млн тонна битум өндіруіміз керек. Ең бастысы, жол салатын компаниялар тапсырысты уақытында берсе, битум шығаратын компанияларда оны орындайтын қуат баршылық. Бізде Caspi Bitum мен Павлодар мұнай-химия зауытынан басқа тағы бір зауыт бар. Шымкенттегі «ҚазақБитум» 300 мың тонна битум өндіре алады. Сонда жылына 1,5 млн тоннаға дейін битум шығаруға болады, - деген Асхат Хасенов.
Оның сөзіне қарап Көлік министрлігінің жұмысты дұрыс үйлестірмеуі битум өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды тұрақты тапсырыстан қағып, Ресейден битум импорттаушыларға жол ашып отыр дегенді ұғуға болады.

Марат Қарабаевтың бұл сынға қайтарған жауабы қысқа болды.
- Бізде белгілі бір мөлшерде импорт қалады. Өйткені жол жөндеу жұмыстары, жалпы жол салу жұмыстарының ауқымы былтырғымен салыстырғанда ұлғайып жатыр, - деген болатын.
Түйіндесек, Көлік министрлігі қайта құрылған кезден бері бұл саланың ішкі мәселелері жарыққа көбірек шыға бастады. Авиаотын нарығындағы құйтұрқы схемалар, жергілікті ауқымдағы әуе байланысын қайта жандандыру, Ертіс өзенінің логистикадағы әлеуетін пайдалану, халықаралық лоукостерлерді Қазақстанға тарту, Ақтау портына қызмет ететін жүк кемелерінің санын көбейту сияқты мәселелер қаттырақ айтыла бастады. Демек, бір ғана министр мен оның командасының жұмысына қарап тұтас бір министрліктің құрылуына сәтті немесе сәтсіз шешім деп баға беру әділетсіз болар еді.
Әлемде жер аумағы бойынша тоғызыншы орында тұрған, дүниежүзілік ішкі өнімнің 50-60 пайызын алып жатқан Еуразия құрлығының ортасындағы елде Көлік пен логистика саласын басқаратын жеке министрліктің болуы заңдылық деуге болады.