Марат Қожаев сатушыдан гүл тартып алған полицей жайлы: Ол да қоғам мүшесі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шымкентте дүкен сатушысынан гүл тартып алып кеткен полиция қызметкеріне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз осы болған оқиға туралы сіздер сияқты интернеттен көрдік, білдік. Сол күні тексеріс басталды. Өздеріңізге мәлімдеме бердік. Ол полиция қызметкерінің қылығы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің арызы уақытында қабылданбағаны үшін өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ол жаққа барды, қазір тексеру жүріп жатыр. Олардың да жауапкершілігі қаралады», - деді Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар М.Қожаев күдікті прокуратура қызметкері еместігін айтты.
«Иә, олардың қызметкері еместігін растаймын. Гүлді алып кеткен азаматтың сол уақытта учаскелік полиция болғандығы шын. Реформа жүргізіп жатырмыз. Қызметкерлеріміз бізге аспаннан түскен жоқ. Олар да қоғам мүшелері. Қоғамда қандай процестер орын алса, полиция қатарында да сондай жүреді. Бізде 126 мыңнан астам қызметкер бар. Олардың арасында түрлі жағдай болып тұрады», - деді ол.
Еске салайық, Шымкенттегі «Romantic» гүл дүкенінің жұмысшыларына қоқан-лоқы көрсеткен ер адамдар туралы видео тараған болатын.
Олардың бірі прокуратура қызметкерінің ұлы екені туралы ақпаратты Шымкент қаласының прокуратурасы жоққа шығарды.
Гүл сатушыны ұрған бұзақының қасындағы екінші адам Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары екені анықталды. Ол қызмет орнында қатаң сөгіс алды.
Кейін Ішкі істер министрлігі Шымкенттегі гүл дүкенінде екі бөлек оқиға болғанын хабарлап, әр жайт бойынша ресми ақпараттандырды.