Марк Карни Канаданың жаңа премьер-министрі болады
АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың билеуші Либералдық партиясының жаңа жетекшісі болып Англия банкінің бұрынғы басшысы Марк Карни сайланды. Ол қаңтар айында отставкаға кететінін мәлімдеген Джастин Трюдоның орнына елдің премьер-министрі қызметін атқарады, деп хабарлайды ВВС.

Карни Трюдоның үкіметіне кірмеген партия көшбасшылығына жалғыз үміткер болды. Дауыс беру нәтижесінде ол 85,9% қолдауға ие болды.
Қызметінен кетіп жатқан премьер-министр Джастин Трюдо қоштасу сөзінде жетістіктерімен мақтанатынын айтты.
— Қате түсінбеңіздер, біз соңғы 10 жылда атқарған істерімізбен мақтанамын, — деді Трюдо.
59 жастағы Марк Карни көп жыл бойы либералдардың ықтимал көшбасшысы саналып келді, әсіресе оның қаржы саласындағы беделіне байланысты.
Ол өзін танымалдығы төмен Трюдо үкіметінен тыс аутсайдер ретінде көрсетіп, елдің экономикалық жағдайын жақсартуға басымдық беретінін мәлімдеді.
Трюдо Либералдық партияның бүкілұлттық съезі қарсаңында отставкаға кететінін жариялады. Бұл жиында партия басшылығын қайта сайлау мәселесі қарастырылуы тиіс болатын, Трюдо өз партияластарының оны қызметінен шеттетуінен аулақ болғысы келген сияқты.
Жаңа көшбасшыны шамамен 400 мың Либералдық партия мүшесі таңдауы керек еді, бірақ сайлауға 150 мыңдай адам ғана қатысты.
Марк Карни — канадалық және танымал экономист. Ол 2008–2013 жылдары әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі алғашқы жылдары Канаданың Орталық банкінің басшысы болды.
Кейін, 2013–2020 жылдары Англия банкінің төрағасы қызметін атқарды, бұл кезең Ұлыбритания үшін Брекситке байланысты күрделі кезеңдердің бірі болды.
— Мен көптеген дағдарысты шешуге қатысып, екі экономиканы құтқардым. Бизнес қалай жұмыс істейтінін білемін және оны сіздер үшін тиімді етуге қабілеттімін, — деді Карни өз туған қаласы Эдмонтонда кандидатурасын ұсынған кезде.
Соңғы айларда Карни Трюдоның экономикалық кеңесшісі болып қызмет етті, алайда кейін экс-премьердің экономикалық саясатын сынай бастады.
Көшбасшылыққа үміткерлер қатарында сондай-ақ бұрынғы вице-премьер және қаржы министрі Христя Фриланд болды.
Сайлауға келесі саясаткерлер де қатысты:
37 жастағы Карина Гулд, бұрынғы Өкілдер палатасының көшбасшысы. Ол 2015 жылы парламентке сайланып, 2017 жылдың қаңтарында демократиялық институттар министрі болып тағайындалды. Сол кезде 29 жасында ол министрлер кабинетінің ең жас мүшесі атанды.
Мелани Жоли — Квебектің саясаткері және 2021 жылдан бері Канаданың сыртқы істер министрі. Ол Оксфордта құқықтық білім алған.
Доминик Леблан — қаржы және үкіметаралық қатынастар министрі, Трюдоның көптен бергі досы әрі жақын серігі. Ол 20 жылдан астам уақыттан бері парламент мүшесі болып келеді және 2008 жылы Либералдық партияның жетекшілігі үшін күресіп, Майкл Игнатьевке жол берген.
6 қаңтарда Джастин Трюдо Канада премьер-министрі қызметінен кететінін мәлімдеді.
Айта кетелік Трамп АҚШ пен Канада арасындағы шекаралық келісімді қайта қарауға ниетті.