Марокко қақпашысы Португалиямен матчта үздік ойыншы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Марокко қақпашысы Яссин Боно Португалиямен өткен матчтың үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш ойында 31 жастағы Я.Боно үш соққыны қайтарып, өз қақпасын аман алып қалды.

Сонымен қатар Яссин Боно бір әлем чемпионатындағы үш матчта өз қақпасына гол жібермеген бірінші африкалық ойыншы атанды.

Бүгін ол Марокко құрамасының жейдесін 50-інші рет киді.

Жалпы, осы біріншілікте қарсыластары Марокконың қақпасына гол соға алған жоқ. Тек Канадамен өткен кездесуде Наиф Агер өз қақпасына доп соғып алды. Бірақ марокколықтар Канаданы 2:1 есебімен ұтты. Өз тобынан бірінші орынмен шыққан Марокко плей-офта Испания құрамасын пенальти сериясында жеңді. Мұнда да Бононың шеберлігі көрініп, ол екі соққыны қайтарды.

Клубтық деңгейде Боно Испанияның «Севилья» клубының намысын қорғайды.

Бүгін Марокко жартылай финалға шыққаннан кейін ел астанасы Рабатта жанкүйерлер құрама жеңісін жаппай тойлап жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нидерланд құрамасын жолдан тайдырған Аргентинаның жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ америкалық журналист Нидерланд-Аргентина матчы кезінде көз жұмды.

Бразилияда футбол жанкүйерлері төбелесіп, 1 адам көз жұмды.

Марокко Португалияны жеңіп, ½ финалға жолдама алды.

Португалия жеңілгеннен кейін Криштиану Роналду көз жасына ерік берді.


Соңғы жаңалықтар