Мас күйде көлік айдаған: Ақтөбелік депутат сотқа күштеп жеткізілетін болды
Көлікті мас күйінде жүргізген ақтөбелік депутат Сәния Мұратова сот отырысына келмей қалды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы» бабы бойынша қаралған істе судья айыпталушыны сот отырысына күштеп әкелуге ұйғарым шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» (596-бап) және «Көлік құралын мас күйінде жүргізу» (608-бап) баптары бойынша іс қозғалған болатын.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 596-бап бойынша іс 12 қыркүйектен бастап қаралған. Ал 608-бапқа қатысты іс 20 қыркүйек күні сотқа түсті. Сот кабинетінен «Көлік құралын мас күйінде жүргізу» бабы бойынша ұйғарымды көруге болады. Онда судья Қайыржан Алашұлы алғашында іске кедергі келтіретін мән-жайлар тіркелмегенін айтқан. Кейін істі қабылдап, оны 21 қыркүйек күні сағат 11:50-де WhatsApp Messenger арқылы қарау туралы ұйғарым шығарды. Алайда Сәния Мұратова байланысқа шықпаған, себебін де айтпаған.
«Сәния Мұратова Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына, сот отырысына қатысуы үшін күштеп әкелінсін. Ұйғарымның орындалуы Ақтөбе облысының Полиция департаментіне жүктелсін. Ұйғарым дереу орындалуға жатады. Ұйғарым орындалғанға дейін іс өндірістен тоқтатылсын», – делінген судья Қ. Алашұлы шығарған ұйғарымда.
Еске салсақ, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова мас күйде көлік айдағаны анықталған болатын. Кейін ол мандатынан өз еркімен бас тартты.