Мас күйінде көлік басқарып үшінші рет ұсталған адам 10 жылға жүргізуші құқығынан айырылады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін үшінші рет ұсталған адам жүргізуші куәлігінен 10 жылға айырылып, 30 тәулікке қамауға алынады. Бүгін Парламент Сенатында «Әкімшілік заңнаманы реформалау: проблемалар мен жетілдіру бағыттары» тақырыбында өткен конференцияда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев осылай деп айтты.
None
None

Министр орынбасарының пайымдауынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 467-бабында қарастырылған құқық бұзушылықтардың құрамы бойынша жаза ондағы қоғамдық қауіпке қатысты болуы шарт. «Мәселен, көлікке мас күйінде отырған жүргізуші куәлігі бар тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал жүргізуші куәлігінен айырылғандар қайтадан көлік жүргізсе, оған қылмыстық жауапкершілік қолданылуы керек. Бұл ретте айта кетерлігі, Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Жол қозғалысы туралы» заң жобасының аясында көлікті мас күйінде басқарғандарға санкцияны қатайту қарастырылып отыр», - деді Е.Тұрғымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, көлікті мас күйінде басқарған адам бірінші рет ұсталса, оны 3 жылға дейін жүргізуші құқығынан айыру көзделеді. Бұл жағдай екінші рет қайталанса, ол 6 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады және 15 тәулікке қамауға алынады. Ал үшінші рет қайталанған жағдайда осы азамат 10 жылға дейін көлік жүргізе алмайды және 30 тәулікке қамауға алынады.

Тоқтала кететін жайт, өткен жылы елімізде 26 мың жол-көлік апаты орын алып, оның салдарынан 3 мың адам көз жұмған.

«Жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс жобасында мас күйінде көлік басқарғандарға 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түрінде жаза қарастырылады немесе оларға түзету жұмыстары, не болмаса 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 6 айға дейін қамауға алу жазасы қарастырылған», - деді Е.Тұрғымбаев.

Соңғы жаңалықтар