Мас күйінде рульге отырған ақтөбелік экс-депутат үшінші рет сот отырысына келмей қалды
Ақтөбе қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Сания Мұратова рульге мас күйінде отырғаны үшін бүгін сот алдында жауап беруі тиіс еді. Күштеп әкелу ұйғарымы шығарылғанымен, полиция орындай алмады, деп хабарлайды Kazinform.
Қала мәслихатының депутаты болған Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» (596-бап) және «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» (608-бап) баптары бойынша хаттамалар толтырылған болатын. Өткен айда ӘҚБтК «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бабы бойынша сырттай шешім шығып, судья Сәния Мұратованы 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Бүгін мас күйінде рульге отырғаны үшін сот алдында жауап беруі тиіс еді. Алайда ол тағы да келмей қалды. Ал хаттама толтырушы полиция қызметкері Нұржан Мүсірепов сол күні болған оқиғаны баяндады.
«Ақтөбе қаласы Бәйішев көшесінде орналасқан Альтаир дүкенінің алдында көлік құралын тоқтатып, тексеру барысында жүргізушіден иіс сезілді. Жүргізушіні медициналық сараптама орталығында апарған уақытта жеңіл дәрежедегі масаңдық байқалды. Сания Мұратоваға ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші әкімшілік хаттамамен келісетінін растады», - деді хаттама толтырушы полиция қызметкері Нұржан Мүсірепов.
Судья Қайыржан Алашұлы сот отырысы кезінде «күштеп әкелу» ұйқарымының неліктен орындалмағанын сұрады. Алайда полиция қызметкері Нұржан Мүсірепов облыс бойынша бәріне хабар берілгенін ғана айтты.
"Мәжбүрлеп әкелу ұйғарымы орындалған жоқ. Сол себептен сот істі қарауды 26-қазан күні сағат 11:00-ге кейінге қалдыру керек деп есептейді. Тағы да облыстық полиция департаментіне ұйғарым жібереміз. Келмеген жағдайда ҚР ӘҚБтК-тің 744-бабына сәйкес хаттама толтырылған азаматшасыз қараймыз», - судья Қайыржан Алашұлы.
Еске салсақ, қала мәслихатының депутаты Сәния Мұратова мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталған болатын.
Кейін ол депутаттық мандатынан өз еркімен бас тартты.