Масаң күйде көлік жүргізетін астаналықтардың қатары азаймай отыр – Полиция департаменті

«Көлік құралдарын масаң күйде жүргізу фактілері айтарлықтай алаңдатады. Масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауаптылықтың күшейтілгеніне қарамастан, осы уақытқа дейін 1 892 мас жүргізуші ұсталды. Бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған 1 382 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасына кінәлі деген 33 жүргізуші қылмыстық жауапқа тартылды», - деді Марат Төлебаев елорда жұртшылығымен кездесу барысында.
Осы орайда департамент басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін тағы бір еске салды.
Сонымен қатар қалада халықаралық тәжірибені ескере отырып, жол қауіпсіздігі бойынша кешенді жоспардың іске асып жатқаны айтылды.
Бұған дейін елордада қылмыс жасау деңгейінің 5,5 пайызға азайғаны туралы хабарлаған едік.
Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев «Zoom» платформасында халық алдында есеп берді.
Шара барысында елорда тұрғындары толғандырған сауалдарын қойып, өтініш, ұсыныстарын жеткізді.