Машинист: Кеншілерді тиісті тереңдікке жеткізу — жауапты жұмыс
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатында көтеру машинасының машинисі болып жұмыс істейтін Кляйхан Туребаева шамамен 20 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол шахтерлердің жерастына түсіп, жоғары көтерілуіне жауапты. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай жұмыс істеп жүрген ол бұл бөлімде тек жауапкершілігі бар адамдардың еңбек ететінін айтып берді.
Кляйхан Туребаева Ақтөбенің Хромтау қаласына Қостанай облысы Жетіқара ауылынан отбасымен бірге көшіп келді.
Бұл 2000 жыл болатын. Алдымен жолдасы кен орнында шахтер болып еңбек етіп, кейін өзі де баласымен ере көшті.
Содан бері бұл отбасы Хромтау ауданының тұрғыны.
— Өзім 2004 жылы еден жуушы болып жұмысқа кірдім. Кейін жоғары қабаттағы сигналшы қызметін атқардым. Сол жерде 1 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Машинист қажет дегенді естіп, сол мамандықты меңгеру үшін қосымша білім алдым. Бұл 4 айлық курс. Дөң кен байыту комбинатындағы жұмысым өзіме ұнап, 2009 жылы шілде айында машинист қызметіне кірістім. Қазір шахтерлердің діттеген жеріне жетуіне жауаптымын. Бізге алдын ала түсу тереңдігі туралы ақпарат беріліп, хабарлама аламыз. Кейін сол тапсырыспен жұмысшыларды төмен түсіріп, алып шығамыз. Олардың өзімен бірге алып жүретін құрал-жабдықтарын да жеткізіп береміз, — дейді Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада жұмыс істейтін машинист Кляйхан Туребаева.
Тәжірибелі машинистің айтуынша, кейде электр тогы ажыратылып қалып, олар 6 Вт желіні қайта қосады.

Бір ауысымда 8 сағат жұмыс істейтін ол сигналшылармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Машинистің құлағы да, көзі де сигналшылар десе болады.
Себебі олар шахтаға түсу деңгейін нақтылап береді.
— Маған өз жұмысым ұнайды. Үш күн таңертең жұмыс істеп, бір күн демаламын. Кейін үш күн түнгі ауысымға барып, бір күн демалыс беріледі. Әр ауысымға қуана баратын адаммын. Өз машинам да өзіме ұнайды. Алғашында барлығын қолмен басқаратын едік. Қарапайым көлікті тоқтату кезінде педальді аяқпен бассақ, мұнда қолмен тартамыз. Ал 2011 жылдан бастап бәрі автоматтандырылды. Ұжымда мен секілді 30 адам жұмыс істейді. Бәрі де өзім сияқты қыз-келіншектер, әйелдер, — деді Кляйхан Туребаева.
Ол машина тұтқасын алғаш ұстаған сәтін есте сақтап жүр. Бұл үлкен сеніммен қатар, бойдағы үрейді туғызған кез болды.
Уақыт өте келе бәрін үйреніп, меңгеріп алды.
— Біздің салаға жастар да қызығады. Олар да осы мамандықты жақсы меңгеріп алған. Мұнда мерекелік демалыс деген қарастырылмаған соң 8-наурыз күні әдеттегідей өтеді. Өзім дәл сол күні ауысымда боламын. Кен орнында жұмыс істеп жүргеніме 20 жылға жуық уақыт болды. Бәріне үйрендік десем артық айтқаным емес. Негізі өзім бұл саланы нақты білмедім алғашында. Бірақ жұмысшыларды алып кетіп, апарып тастайтын автобусты көргенде «қашан мен де осылай жүремін» деп ойлайтын едім. Күйеуім шахтер болып, мен де соңынан ілестім. Әйел де ер адамға ілесіп жұмыс істеуі керек деп ойлаймын, үйде отырғаннан гөрі, — дейді ол.

Машинистің айтуынша, Дөң кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның тереңдігі — шамамен 700 метрдей.
Машинистер болса сол тереңдікке түсетін шахтерлердің өміріне жауапты. Сондықтан да әр сәтте ширақ жүреді әрі электр тогының жағдайын да бақылап отырады.
Бұл шахтерлердің қауіпсіздігі үшін қажетті шара. Бәрі бірқалыпты болса, жер астына барар жол кідіріссіз өтеді.