Маск әлемдегі алғашқы триллионерге айналуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — 6 қарашада Tesla акционерлері бас директор Илон Маскқа 1 триллион долларлық өтемақы пакетін тағайындауды мақұлдады. Бұл туралы DW хабарлады. 

Илон Маск
Фото: Anadolu Ajansi

Оны алу үшін Маск келесі 10 жыл ішінде өте жоғары KPI көрсеткішіне жетуі тиіс. Олардың қатарында жыл сайын миллион роботакси коммерциялық пайдалануға енгізу және ИИ арқылы басқарылатын миллион Optimus гуманоид роботтарын шығару тұр. Сонымен қатар, Tesla-ның нарықтық капитализациясы қазіргі 1,43 триллионнан 8,5 триллион долларға дейін өсуі қажет.

Алайда, АҚШ-тағы мемлекеттік зейнетақы қоры CalPERS сияқты кейбір ірі институционалды инвесторлар Маскқа рекордтық өтемақы пакетін беруге қарсы шықты.

CalPERS мәліметінше, шарттар орындалса, Масктың Tesla-дағы үлесі 13%-дан 25%-ға дейін өседі. Сыншылардың пікірінше, бұл миллиардерге компаниядағы оппозицияны басып, оның даму бағытын аз қадағалау арқылы анықтауға мүмкіндік береді.

Берлиндегі Hertie Басқару мектебінің этика және технология профессоры Джоанна Брайсон DW-ге берген сұхбатында, жеке тұлғалардың билігі кейбір елдердің билігінен асып кеткен кезде, қауіпсіздік мәселесі туындайды деген еді. 

Ол 1929 жылы АҚШ қор нарығындағы құбылмалы кезеңді мысалға келтіріп, ол кезде әлемдегі теңсіздік қазіргі замандағыдай жоғары болғанын айтты. Профессордың айтуынша, «бір адамға үлкен қаражаттың берілуі хаос тудырады». 

Айта кетелік Илон Маск таныстырған адамтектес робот Optimus қазір Tesla көрмелерінде, зауыттарында және түрлі шараларда жиі көрсетіліп жүр

Соңғы жаңалықтар