Мәулен Әшімбаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Визасыз режимге қатысты халыққа дұрыс түсіндіру керек. Қазіргі кезде Қазақстан 50-ге жуық мемлекеттің азаматтарына шектеулі уақытқа визасыз келуге мүмкіндік берген. Олардың арасында АҚШ, Еуропа мен Азияның елдері қамтылған. Бұл шешім елімізге туристерді тарту және бизнес аясында келіп жатқан адамдарға тиісті мүмкіндік жасау бағытында ескерілді. Атап айтқанда, аталған режим шектеулі уақытқа арналған, сондай-ақ оның аясында жұмыс істеуге және Қазақстанда тұрақты қалуға болмайды», - деді М.Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол мұндай режим кейінгі жылдары Қытайға да қатысты қабылданғанын еске салды.

«Кейінгі жылдары Қытай азаматтарының Қазақстанға 14 күнге визасыз кіруге мүмкіндігі бар. Бұл шешім пандемияға дейін қабылданған еді. Яғни, бірнеше жылдан бері Еуропа мен Қытай және басқа елдердің азаматтарына осындай мүмкіндік жасалды. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Қытайға визасыз баруы туралы мәселені көтеріп жатыр. Осы орайда тиісті келіссөз жүріп жатыр. Бұл тұрғыда біздің азаматтарға тиісті жағдай жасауға арналған», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар М. Әшімбаев Қазақстанға визасыз тәртіппен келген шетел азаматтарына жұмысқа орналасуға, елімізде қалуға рұқсат етілмейтінін айтты. Бұл тәртіп бұзылса, олар жауапқа тартылады. Осы ретте туризм, кәсіпкерлік бағытында және туыстарына келуге ғана рұқсат беріледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыртқы істер министрлігі еліміз бен Қытай арасында орнауы мүмкін визасыз режимге түсінік берді.

Жақында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты пікір білдірді.

«Кейінгі кездері қоғамда Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы пікірлер айтылып жатыр. Бұл келісімге қол қойылмады. Оған қол қойылса ғана күшіне енеді. Екіншіден, былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Келісім Қазақстанға да тиімді болмақ. Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы Қытайға 30 күнге визасыз бара алады», - деді А. Смадияров.


Соңғы жаңалықтар
telegram