Майами мастерс турнирі: Александр Шевченко төртінші айналымнан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 84-ракеткасы Александр Шевченко Майами (АҚШ) ATP 1 000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 34-ракеткасы, франциялық Уго Умбермен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Умбер 6:4 есебімен басымдылық көрсетті.
Екінші сетте Шевченко 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Тай-брейкте франциялық теннисші сәтті ойнады — 7:6 (7:2).
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 4 эйспен бірге 1 брейк-пойнтты пайдаланды. Умбер 14 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, А. Шевченко төртінші айналымға шыға алмағанымен, Майамиде сәтті өнер көрсетті деуге болады. Ол әлемнің 9-ракеткасы, америкалық Бен Шелтонды жеңіп, спорттық жолында алғаш рет Майами мастерс турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Александр Шевченко қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде 74-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде сенсация жасаған Александр Шевченконың әлемнің 9-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әмір Омарханов Тунистегі турнирде үздік шықты.
Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына өтті.